You are currently viewing Бір сыныптың төрт бірдей оқушысы әлемдегі үздік университеттерге қабылданды

Бір сыныптың төрт бірдей оқушысы әлемдегі үздік университеттерге қабылданды

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің төрт түлегі  Италия мен Мажарстанның беделді жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. 

Аида Даниярова Будапештегі Корвин атындағы университеті мен Обуда университетінде оқуға грант жеңіп алды. Бұл екі оқу орны деректер ғылымы мен электротехник секілді заманауи мамандықтар бойынша мамандар даярлайды. Мұнан бөлек Аида тағы он шақты шетелдік  ЖОО-на құжат тапсырып, әртүрлі жеңілдіктермен оқуға шақыртулар алып отыр.  

«Stipendium Hungaricum» үкіметаралық бағдарламасы арқылы 100%-дық білім грантына ие болған жас түлек – Нұржан Бишенбек,  ол  Мажарстандағы 5 топ университеттің құрамына кіретін Debrecen University мен Budapest University-не азаматтық құрылыс мамандығы бойынша оқуға қабылданды. 

«Үміткерлерді таңдау екі кезеңді қамтыды. Алдымен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының комиссиясымен сұхбаттасу өтті. Бұл арқылы болашақ мамандық бойынша білімім мен тілдік дағдыларым бағаланады. Келесі кезеңде грант тағайындайтын ұйымның іріктеу конкурсына қатыстым. Үш тілді жетік меңгеруім, әртүрлі деңгейдегі жобалардағы белсенді болуым және оқудағы орташа баллдың жоғары болуының арқасында оқуға қабылдандым»,  – дейді жас түлек.

Нұржанның досы Нұрмұхаммед Оразбек те Дебреценнің ең ірі оқу орнынан шақырту алып, отбасын қуанышқа кенелтті. Оқу ақысын, ай сайынғы қаржылай көмек пен жатақханада орналасу мүмкінідігіне ие болған дарынды жас  электротехник саласының қыр-сырын меңгеруді жоспарлайды.  Сонымен қатар Нұрмұхаммед Түркия мен Қытайдың үздік ЖОО-на құжат жіберіп, нәтижелерін күтіп отыр. 

Камила Женисова дүниежүзіндегі ең ірі қауымдастық —  «Утрехт желісі» құрамына кіретін  және Италиядағы жетекші орында орналасқан Болонья университетіне  «Экономика, саясат және әлеуметтік ғылымдар» бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Айта кетейік, бұған дейін де Камилла ағылшын тілі деңгейін анықтайтын халықаралық IELTS емтиханынан жоғары 8 балл жинап, мектеп мерейін үстем еткен болатын.