2012 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық филиалдарында бірегей патриоттық жоба – «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициялары бастау алды.
    Оқушылардың туған елге деген қызығушылығын қалыптастыру мен патриоттық сезімін нығайтуға арналған жобаны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы әзірлеген. Жыл сайын әр Зияткерлік мектептен экспедицияға оқу, шығармашылық, спорттық және басқа да жетістіктері үшін іріктеліп алынған «Жылдың үздік шаңырағы» байқауының жеңімпаздары қатысады.
    Экспедицияның ерекшелігі – Қазақстанның аймақтарымен танысу және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында маршруттармен алмасу. Экспедициялар екі бағытта ұйымдастырылады: танымдық және ғылыми-зерттеу. Жоба аясында экспедиция топтары еліміздің аймақтарына барып, олардың флорасы мен фаунасын, мемориалдық орындарын, тарихи маңызды, мәдени, инновациялық-өндірістік нысандарын, мұражайларын, оқу орындарын, сәулет құрылымдарын және т.б. аралайды.       
     Экспедиция барысында оқушылар жергілікті тұрғындардан сауалнама алып, сұхбаттасып, бақылау жұмыстарын жүргізеді. Зерттеу тақырыбын кеңейту үшін сирек мұрағат материалдарымен танысып, жоғары оқу орындарының профессорлары мен ғалымдарымен кездеседі.
    «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясын жүргізу нәтижеге негізделген. Экспедиция барысында оқушылар бірқатар дағдыларды дамытады – ол білім, зерттелетін аймақ туралы хабардар болу (оның өткені, бүгіні мен болашағы), зерттеу мен сұхбаттасу дағдылары, тәжірибеде пайдалану үшін материалдарды іріктеу, коммуникативті және топтық жұмыс дағдылары, физикалық және психологиялық төзімділік, тәуелсіз шешімдер мен әрекеттерді қабылдау тәжірибесі.
    Экспедициялардың қорытындысы бойынша оқушылар желілік, республикалық ғылыми жобалар байқауларына ғылыми жобаларын ұсынады. Жобаны жүзеге асыру жылдарында 100-ден астам маршрут дайындалды. Барлық экспедиция материалдары LibGuides  платформасында жинақталған.