You are currently viewing <strong>Даналық бейсенбі: NIS қауымдастығы «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінің сценаристімен кездесті</strong>

Даналық бейсенбі: NIS қауымдастығы «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінің сценаристімен кездесті

Зияткерлік мектептер желісіндегі үздік жобалардың бірі – «Даналық бейсенбі» төріне бұл жолы Қызылордадағы NIS ұжымы қазақтың ақын-жазушысы, Ахмет Байтұрсынұлы туралы түсірілген алғашқы телехикаяның сценаристі Ұларбек Нұрғалымды шақырды.

Тікелей эфирде ұйымдастырылған кездесуге NIS желісіндегі барлық мектеп оқушылары мен ұстаздары қосылды. Ұстаздық пен тілшілік қызметіндегі қызықты сәттерден ой бөліскен Ұларбек Нұрғалым Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы құнды тарихи деректерді таныстырды:

– Ахмет туралы фильмді түсіру барысында 6 000-ға жуық архив мұрағаттарынан ақпарат алынды. Ел мүддесі жолында аянбай еткен тұлғаны барынша ашып көрсетуге тырыстық. Көрермендердің көкейінен шығып, жақсы пікірге ие болуы – сценарист пен режиссердің ортақ тіл табысып, жұмыс жасауының арқасында деп білемін.

Кездесу барысында спикер қазақ халқының тарихы мен ұлттық құндылықтары туралы да сөз етті. Өз шығармашылығынан қазақ халқының ерекшеленетін мәдениеті мен ұмыт қалған салт-дәстүрлері бойынша құнды ақпараттармен бөлісті.

Кездесу соңында Ұларбек Нұрғалым NIS тәуелсіздік жылдарындағы ерекше құрылған жоба екенін атап өтіп, зияткер оқушыларға батасын берді:

– Өте таңдаулы мектепке сапалы білім алып, ғылымда шыңдалып, бірнеше тілді жетік меңгеруге мүмкіндік алдыңыздар. Сол білімдеріңізді келешекте пайдалана білу керек. Қазірден бастап болашақ мамандыққа деген көзқарасты айқындап алу қажет. Бүгінгі дайындаған іргетастарыңыз әрі қарай табысқа апарады.

Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлы туралы телехикаяны қызылордалық өрендер ата-аналарымен бірге түгел көріп шықты. Бұл туынды көрерменнің білім көкжиегін кеңейтіп, өткен тарихтың шындығы жайлы танымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сұхбаттың сілтемесі