Қызылорда облысының Арал ауданындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің ұстаздары Қызылордадағы Зияткерлік мектептегі тағылымдаманы сәтті аяқтады. 
 Ауыл ұстаздарының біліктілігі мен педагогикалық тәжірибесін арттыруға арналған оқыту курсында қатысушылар  NIS мұғалімдерінің жаратылыстану-математикалық және тілдік пәндер бойынша ашық сабақтарына қатысып, жоспарлау, оқыту мен оқуда заманауи әдіс-тәсілдер қолдану, критериалды бағалау ерекшеліктерімен танысты. Сондай-ақ оқу үдерісін басқару, инновациялық кітапханалар жұмысын ұйымдастыру, психологиялық қызметті жүргізу бағытындағы шеберлік сыныптардан тәжірибе жинақтап,  әдістемелік қоржындарын тың идеялармен толықтырды. 
– Бұл тағылымдама мен үшін пайдалы ақпараттарға толы болды. Қарапайым дүниелерді сабақта тиімді пайдалану арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, оқу үдерісіне белсене араласып, жаңа тақырыпты қалай игертуге болатынын көрдік. Бұл мектепте ұстаздардың сабақ жоспарын бірлесіп құруы жақсы қолға қойылған екен, – дейді аралдық ұстаз Жанна Нарикеева. 
 Тағылымдамашылар NIS желісінде тәрбие жұмысын іске асырудағы ерекшеліктерімен де танысуға мүмкіндік алды. Зияткерлік мектептің педагог-кураторлары жүргізген практикумдарда мұғалімдер «Ұлы дала ақындары», «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер», «Ұрпақтар сабақтастығы», «100 күйдің тарихы», «Қазақ әндері», «100 кітап», «Ата-аналар университеті», «Әкелер кеңесі»  секілді  тәрбиелік жобалар мен әлеуметтік тәжірибелер бойынша құзыреттіліктерін дамыта түсті. Жатақхана қызметкерлері ұйымдастырған тәжірибелік алаңда оқушылармен жүргізілетін жұмыстардың жаңашыл тәсілдерін меңгерді. 
– Тәрбие саласында бірнеше жобалардың жүзеге асырылып жатқанын көрдік. Көптеген педагогикалық инстайттар ала білдік. Алған білімдерімізді алдағы уақытта өз тәжірибемізде қолданамыз деп ойлаймын, – деп бөлісті ауылдық мектеп директорының орынбасары Жадыра Аймағанбетова.

Математиканы футбол мен жекпе-жек арқылы қалай үйрету керектігін Мұхан Төлебаев біледі

Қызылорда облысы Арал ауданы №262 мектеп-гимназиясының мұғалімі Мұхан Төлебаев облыстық жас педагогтер форумында ҰБТ-ға дайындықтың бірегей техникасы – футбол және жекпе-жек арқылы математиканы қалай оқыту керектігі туралы айтып берді:

– Жаңа әдістемені қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырды. Шеберлік сабақта мен математиканы, жекпе-жек пен футболды қалай біріктіру керектігін нақты көрсетіп, барлық қажетті ресурстарды ұсындым.

Форум алаңында білім берудің өзекті тақырыптары бойынша оқыту тренингтері ұйымдастырылды, қатысушылар Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлерімен бірге функционалдық сауатсыздықтың алдын алуды талдады, үздік сабақтарды құрастырды, insight зертханасында эксперимент жасады: жанама тәжірибеден өз іс-әрекетіне дейін. Жас мұғалімдер қызметке енді ғана кіріскен әріптестеріне тиімді оқытудың өзіндік лайфхактарымен бөлісті, белсенді оқытуға арналған қосымшалар мен ойындар ұсынды, өздерінің сәтсіз кейстері туралы айтып берді, педагогикалық баттлда сабақты зерттеу туралы пікірталас жүргізді.

Белгілі қазақстандықтар – журналист Майра Төлепберген, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес-старт» кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Тубекбаев табысқа жету формулаларымен бөлісіп, жас ұстаздарға мотивация берді.

– Форумның мақсаты — кәсіби құзыреттілікті арттыру. Жас мұғалімдерге оқушылармен жағымды қарым-қатынас орнату және балаларды сабаққа тарту үшін жаңа әдістерді қолдану туралы сұрақтарға жауап табуға көмектесу. Бүгін мұғалімдер өздерінің әдістемелік қоржынын жаңа технологиялармен толықтыратынына, болашақта батыл мақсаттар қоятынына сенімдімін, – дейді Қызылордадағы Педагогикалық шеберлік орталығының директоры София Камалова.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет пен Қызылордадағы NIS директоры Жаңбыржан Бекболатов форум қатысушыларымен заманауи мұғалімнің қандай дағдыларға ие болуы керектігі жайында өз көзқарастарымен бөлісті.

Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің шығармашылық шеберлік сабақтарында жас педагогтер өз армандарын қылқаламмен бейнеледі, Құндылықтар кітабын жинады, керамика және киіз басу шеберханасында, би алаңында шабыт алды.

Кері байланыс барысында жас ұстаздар форумның басты сабағы – кәсіби құзіреттіліктер қорын толықтыру деп атады.

Қызылорда қласындағы NIS-тің педагогтері аймақтағы жалпы білім беретін мектеп ұстаздарына «Сандық технологияларды оқу-тәрбие үдерісінде тиімді қолдану» тақырыбында семинар өткізіп, кәсіби шеберліктерін дамытуда қолдау көрсетті.

Шараға информатика пәнінің мұғалімдері мен сынып жетекшілері қатысты. Алғашқы топ Lego Ev3-де массив берілгендерін өңдеу бағдарламасын меңгеріп,  мәндерді өндей алатын роботтарды бағдарламалауды үйренді.

Тәжірибе алмасудың екінші алаңында зияткерлік мектептің педагог-кураторлары қатысушыларға  «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының жұмысын ұйымдастыру және тәрбие үдерісінде инновациялық әдістерді қолдану бойынша мағлұмат беріп, практикалық жұмыстарда біліктіліктерін арттырды.

Сондай-ақ, бұл күні серіктес мектептердің білім алушылары да NIS информатика сабағына қатысып, «Arduino» аппараттық платформасында базалық схемаларды жинақтау, әртүрлі дыбыс белгілері арқылы жарық беру секілді жобаларды орындап көрді.

Қызылорда қаласындағы жалпы білім беретін мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Назарбаев Зияткерлік мектебінің кезекті тәжірибе тарату алаңында болып, жас жеткіншектерді тәрбиелеу бағытындағы жұмысты тиімді ұйымдастыру мен жаңа жобалар туралы ақпарат алды.

Ата-аналарды мектеп өміріне тарту, оқушыларды кітап оқуға баулу, ауыл тіршілігімен танысу, уикипедия энциклопедиясына мақала жазудың оқушыларды тәрбиелеудегі рөлі  секілді тақырыптар төңірегінде Зияткерлік мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторлары егжей-тегжейлі таныстырды. Заманауи әдіс-тәсілдер арқылы педагогтар балалардың сабақтан бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған жобалар туралы жалпы түсініктеме беріп, тәжірибе жүзінде бөлісті. Семинар-тренингке облыс орталығындағы білім беру ордалары басшыларының 55 орынбасары келді. Қатысушылар зияткерлік мектептің тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы ерекшеліктерді бағамдап, кәсіби біліктіліктерін жетілдірді.

«Уикипедия» оқушыларды мақала жазуға машықтандырса, «Оқушыларға оқуға  ұсынылатын 100 кітап» жобасы жастарды әдебиет оқуға үйретіп, сөздік қорларын арттырады.  Бұл семинар барысында аталмыш жобалардың жаңа әдістері туралы мағлұмат алдық», – деді №173 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Макина Ысқақова.

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, ата-аналары мектеп өміріне жиі араласатын оқушылар өзін-өзі бағалауы жоғары, позитивті ойлайтын,  оқуға ынталы болады. Осы тұрғыда ата-аналар мектептің шараларына белсенді қатысып, оқу үдерісінің дамуына ықпал етуде және мектепті басқаруда өз үлестерін қосуда.

«Ата-ана жұмысында бір күн» әлеуметтік тәжірибесі жас жеткіншектерге мамандық тандауда кәсіби бағыт береді. Ата-ана мен оқушы арасындағы қарым-қатынас нығая түседі. Осы тәжірибені барлық мектептерге енгізу қажет», – деп бөлісті №189 орта мектебі директорының орынбасары  Дархан Шейітманов.

Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, алған білімдерін болашақта өз жұмыстарында пайдалануға және мектеп практикасына енгізуге ниетті екендіктерін айтты.

Қызылорда қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің 200 жуық мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен өткен әдістемелік күнде педагогикалық тәжірибелерін жақсартты.

Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес педагог тәжірибесіне жаңашылдықтар енгізу мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектебі кезекті тәжірибе тарату семинарын өткізді. Шараға қаладағы 54 жалпы білім беретін мектептің 200 тарта физикалық-математикалық бағыттағы және ән-әуез, өнер пәндерінің мұғалімдері қатысты.

Іс-шараның ашылуында қатысушыларға «Сабақ барысында ақпараттармен жұмыс ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында интербелсенді таныстырылым ұсынылып, оқу материалдарының интенсивті меңгерілуіне АКТ қолданудың мүмкіндіктері мен пайдалы сілтемелер мен ресурстар тізімі көрсетілді.

Пәндер бойынша бөлініп, қатысушылар зияткерлік мектептің мамандары өткізген ашық сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды. Мұғалімдер пән бойынша жаңа тақырыпты түсіндірудің заманауи тәсілдері мен жекелеген, топтық жұмыстарды ұйымдастыру әдістерімен танысты. Оқушыларды бағалау үдерісі кезіңде тәжірибелерінде туындаған сұрақтарына жауап алды.

Сонымен қатар, қатысушылар педагогикалық тәжірибелерін жақсарту үшін рефлексия жүргізу жолдарын  өзара талқылап, тәжірибелі мамандардан сабақты тиімді жоспарлау бойынша әдістемелік көмек алды.

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары  өңірдегі  250-ге жуық пән мұғаліміне  өз тәжірибелерін таратты.  

NIS-тің білікті педагогтары Елнұр Оспанова, Айнұр Құрақбаева, Гүлназ Дихамбаева «Төңкерілген оқытудың тиімділігі: мұғалім тәжірибесінен» атты  шеберлік сыныбын өткізді.  Шеберлік алаңда тренерлер сабақтағы іс-әрекетті зерттеу, проблеманы анықтау, деректер жинау, әдебиеттерге шолу жасау туралы тың  ақпараттармен бөлісті. Сонымен бірге «Төңкерілген оқыту» әдісінің тиімділігі, оны оқыту процесінде жүйелі жүргізу жолдарын таныстырды.

Ал ағылшын пәнінің мұғалімі Камилла Қлышбекова аймақтағы тіл мамандарына деңгейлеп оқыту білім берудің тиімді тәжірибесі ретінде  қарастырып, оқылым мен тыңдалым бойынша тапсырмаларды құрастыруда деңгейлеп оқыту стратегиясын қолдану арқылы сұрақтарды саралауды үйретті.  Қатысушыларға көп деңгейлі және сараланған тапсырмалары бар онлайн жинақ  ұсынылды.

Зияткерлік мектеп ұстаздарының тәжірибе тарату айлығын   музыка пәнінің сарапшы мұғалімі Жарасбек Утебаев жалғастырып, облыс педагогтеріне теориялық білім мен сараланған шығармашылық тапсырмалардың байланыстыру жолдары мен әдіс-тәсілдерін практикалық іс-әрекетпен ұштастыра отырып, әдістемелік көмек көрсетті.

Математиканың шеберлері Қуаныш Сәменов пен Үрләй Қожахметова бірлесіп мектеп мұғалімдерінің оқыту тәжірибесін жақсартуға бағытталған «Ықтималдықтар теориясы есептерін шығару ерекшеліктері» тақырыбында вебинар өткізіп, оқушылардың күрделі тақырыпты меңгертудің тиімді жолдарын ұсынды. Сондай-ақ, әр тапсырманы қалай бағалау керектігі, оларға марксхема құру жөнінде де өз ойларымен бөлісті.

Өңір ұстаздарының тағы бір тобы «Тарих пәніндегі саралап оқыту стратегиялары» бойынша біліктіліктерін арттыра алды. Олар NIS педагогы Сандуғаш Уаисованың жүргізген шеберлік сыныбында саралау дегеніміз не, ол не үшін қажет және оның түрлері, әдістері туралы кеңестер алып, жаңа біліммен қаруланды.

Ал химия пәні бойынша Марат Атабаевтың өткізген онлайн сабағында қатысушылар мұғалімнің идеяны іздеуден бастап, оны тәжірибеге енгізуге дейінгі жолын көрсетіп, «Төңкерілген сынып» технологиясының артықшылықтары көрсетті.

Барлық вебинарлар мен шеберлік-сыныптар барысында қатысушылар құнды деректер жинап қана қоймай,  тиімді ресурстармен қамтамасыз етілді.  Мұғалімдер ашық диалогқа қосылып, тәжірибе барысында кездесетін мәселелер бойынша сұрақтарына кәсіби мамандардан жауап ала алды.