Қызылордалық зияткердің академиялық біліміне қызығушылық танытып, мыңдаған өреннің арасынан тандағандар – Chinese University of Hong Kong (CUHK), City University of Hong Kong, Hong Kong University of Science and Technology және Hong Kong Baptist University. Алғашқы екеуі Жангерейдің потенциалын жоғары бағалап, толық оқу грантына лайықты деп таныды. Бұл білім ошақтары әлемдік университеттер рейтінгісінде топ 100 ЖОО-ның қатарына енеді және ғылым, техника мен инженерия салалары бойынша мамандар даярлайды.
«Инженерия мамандығына қызығушылығым 9-сыныпта пайда болды. Физика мен математика сүйікті пәндерімнің бірі. Әртүрлі олимпиадаларға қатысып, ғылыми жобалар байқауында білімімді шыңдадым. Болашақта еліміздің технология саласын дамытуға үлес қосқым келеді», – дейді Жангерей Зинелов.
Бірнеше жыл бойы оқу озаты болған Жангерей Зинелов мектеп өміріне белсенді араласты. Өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшысы болып, талай жобалардың іске асуына септігін тигізді. Бітіруші сыныпқа келгенде жоғары оқу орнына түсу үшін үздіксіз еңбек етті.
«Шетелдік университеттердің бағалайтын тұсы ол – оқушылардың жан-жақты болуы. Академиялық біліммен бірге әртүрлі бағытта жетістіктерінің де болуы маңызды. Сонымен қатар болашақ мамандығын ертерек анықтап, болашақта кім болғысы келетінін нақты білетін және түсінетін жастарды қолдауға әрқашан дайын», – дейді Жангерей Зинелов.