You are currently viewing Арайлым Қуандық әлемнің үздік геологы атағына үмітті

Арайлым Қуандық әлемнің үздік геологы атағына үмітті

Сыр өңіріндегі NIS-тің 11-сынып оқушысы Арайлым Қуандық «IESO 2023» халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңінде 2-орын иеленіп, әлемдік додаға жолдама жеңіп алды.

Жер туралы ғылымдар бойынша білім байқауына биыл 100-ге жуық оқушылар қатысты. Жас дарындылар геология, геофизика, метеорология, мұхиттану және астрономия пәндерінен бақ сынасты. Сырбойылық Арайлым жетекшілері география пәнінің мұғалімі Шолпан Закирова мен Арай Нұрбаевамен бірге жасаған үздіксіз дайындықтың арқасында бұл бәйгеде жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстан құрамасына енді және алдағы уақытта IESO халықаралық кезеңінде ел намысын қорғайтын болады:

– География менің сүйікті пәнім. Әсіресе геологияға деген қызығушылығым ерекше. Келешекте жобалық жұмыстармен айналысып, табиғаттың түрлі элементтерін зерттегім келеді.

IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. 2007 жылдан бастап Корея, Испания, Бразилия, Жапония, Франция, Ресей сияқты елдерінде өткізілген білім бәйгесі биыл Италияда жалғасып, тамыз айында ең үздік жас геологты анықтайтын болады.