You are currently viewing Қызылордалық зияткерлер достарының концертінен рухани азық алды

Қызылордалық зияткерлер достарының концертінен рухани азық алды

Дүниежүзілік балаларды қорғау күні қарсаңында қаладағы №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Қызылордадағы NIS-ке қонаққа келіп, өнер көрсетті.

Шығармашылықты жанына серік еткен ерекше жандар ым-ишара тілінде әндерін орындап, мың бұрала би биледі.  Өрендердің өнерлеріне тәнті болған көрермендер достарына барынша қолдау білдіріп, қошемет көрсетті.

– Бұл түзету интернатының оқушыларымен төрт жылдан бері әріптестік қарым-қатынаста жұмыс жасап келеміз. Біздің мектеп оқушылары да мектеп-интернатта концерт беріп, оқушылармен танымдық ойындар ұйымдастырады. Сонымен қатар, ертегі қойып, футболдан достық кездесу өткізді. Бүгін достарымыздың концертінен рухани азық алды, – дейді жоба координаторы, педагог-куратор Әсел Закирова.

Шара барысында мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов шығармашылық ұжымға алғысын білдіріп, мектеп құндылықтарының бірі – құрмет көрсету, ынтымақтастықта жұмыс жасау екенін атап өтті:

– Бүгінгі шара оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі арттырып, байланысты нығайта түсетіні анық.  Және де жаңа бірлескен жобалардың басталуына негіз болатынына сенімдімін. 

Шара  соңында қызылордалық зияткерлер мен мектеп жатақханасының өрендері естелік сыйлықтарын үлестірді. Әрі қарай  оқушылар дастархан басында әңгімелесіп, мектептің «Bookcrossing» бұрышынан қалаған кітаптарын оқуға таңдап алды.