You are currently viewing NIS қоржыны республикалық 3 жүлдемен толықты

NIS қоржыны республикалық 3 жүлдемен толықты

«Дарын» ғылыми-практикалық орталығының  өткізген жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық  жобалар байқауында қызылордалық зияткерлер бір алтын, бір күміс, бір қола медалін жеңіп алды.

Шырайлы Шымкент төрінде ұйымдастырылған ең ауқымды білім додасына ел мектептерінен 800-ге  жуық оқушы  өз ғылыми жұмыстарын ұсынды.  Жаратылыстану-математикалық бағытта 389 жоба таныстырылса, қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша  208 авторлық  еңбек қорғалды.

Сыр бойындағы NIS-тен байқауға  9-сынып оқушысы Арайлым Әшірмет (жетекшісі Айгүл Абуова), 12-сынып оқушылары Нұрай Өмірзақова (жетекшісі Гүлнұр Ақынбекова) мен Зарина Айсауытова (жетекшісі Марат Сыздықбаев) қатысты. Жас ғалымдар  тілтаным, өндіріс  және өлкетану салалары бойынша тың идеяларын ұсынып, әділ-қазылардың жоғары бағасын алды. 

Мәселен, Арайлымның өнімі  оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын әдеби сайты  үздік деп танылса, Нұрайдың ортағасырлық Жанкент қалашығы  бойынша жүргізілген зерттеулері жүлделі екінші орынмен марапатталды.  Ал Заринаның  кальций силикатының золін вакуумда өңдеу және оның мыс  катиондарын сорбциялау қасиетін зерттеу жобасы қола медаліне лайық деп танылды.

«Сайыстың шешуші кезеңінде барлық қатысушылар жұмыстарын арнайы көрмеге қойып, келушілерге таныстырды. Мен қатысқан секцияда өзіндік ерекшелігі бар үздік 19 жоба қорғалды.  Менің жұмысым  электронды «кітап сөресі». Мұнда қазақ, орыс және шетелдік жазушылардың үздік туындылары жинақталған. Жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру үшін көлемді шығармалар  мультимедиялық лонгридтер түрінде берілген.  Бүгінде әдеби платформада 15 лонгрид бар», — дейді байқау жеңімпазы Арайлым.